Юсуф есімді бір адам хазреті Зүннун Мысридың “Исми ағзам” дұғасын білетінін естіп, Мысырға барып, оған бір жыл қызмет етеді. Бір күні әлгі Юсуф хазреті Зүннун Мысриға:
– Ей ұстазым, сізге бір жыл қызмет еттім, енді ақымды беруіңіз керек. Сіздің “Исми ағзам” дұғасын білетініңізді естіп едім. Оны менен басқа ешкімге сеніп тапсыра алмайтыныңызды білетін шығарсыз – дейді. Хазреті Зүннун Мысри оған үн қатпай қоя салады. Арадан алты ай өткеннен кейін хазреті Зүннун Мысри әлгі шәкіртін шақырып, оған аузы жабылған бір ыдысты беріп:
– Фустатта пәлен досымды танисың ғой? - дейді. Шәкірті:
– Танимын ұстазым, - деп жауап қайырады.
– Міне мына ыдысты соған апарып бер, - дейді.
Шәкірті аузы жабық ыдысты алып жолға аттанады. Жолда кетіп бара жатып бірден “хазреті Зүннун Мысри секілді ұлы адам сыйлық жіберді. Бұл не болды екен? Қаншалықты құнды зат екен?” деген ойлар келеді. Қызығуын тоқтата алмай аузы жабылған ыдысты ашады. Аша сала ішінен бір тышқан атып шығып қаша жөнеледі де, көзден ғайып болады. Не істерін білмеген шәкірті хазреті Зүннун Мысриға келіп болған жағдайды айтып береді. Хазреті Зүннун Мысри шәкіртіне:
– Балам біз сені сынадық. Саған бір тышқанды аманат еттік, сен оған қиянат еттің. Бұдан кейін саған “Исми ағзам”-ды сеніп аманат ете аламын ба? - дейді...
Мұсылман – аманатты, сенімді ақтайтын, қиянат етпейтін адам деген сөз. Өзіне аманат етіп тапсырылған ешбір нәрсеге қиянат етпейді. Пайғамбарымыз айтқан: «Мүнафиқтың (екіжүздінің) үш белгісі бар: Өтірік айтады, сөзінде тұрмайды және аманатқа қиянат етеді.»